Сазгер әрі ғалым-ұстаз Бекжігіт Сердәліні елге танытқан «Жас жұбайлар» әні болатын. Қалың елдің жүрегінен орын алып кеңінен тараған бұл ән талай жастың тойларында шырқалды. Бұдан бөлек композитордың «Ақ көңілді, ақ арманым», «Ауыл жатыр той жасап», «Түркістаным – Тұраным», «Астанам – асқақ ән» атты әндері де ел арасында кеңінен тараған.
Ғылым саласында да өзіндік орны бар Бекжігіт Сердәлі филология ғылымдарының кандидаты, профессор дәрежесіне ие. Ал 2015 жылы Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі атанған.
Ол елімізге танымал көптеген журналист жастарды тәрбиелей отырып, шығармашылықтан да қол үзген емес.
Оның қарымды қаламынан 20-дан астам әдеми шығармалар, оқу құралдары мен монографиялар жарыққа шықты. Айталық, «Ұлт журналистикасының ұлықпаны», «Жорналшы жазбалары», «Шаттық ұялаған шаңырақ», «Әнім – әлемім», «О, махаббат!» «Сөз айттым, құлақ ассаң» сынды кітаптардың авторы. Осы орайда асқаралы 60 жасқа толып отырған композитордың мерейлі мерейтойына орай «Танымал әннің тарихы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.
Бекжігіт Сердәлі Түркістан өңірінің Бабайқорған ауыл округіне қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Ол 1987 жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін тәмамдап еңбек жолын қалалық, аудандық газеттердің тілшісі ретінде бастаған. Содан соң Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде журналистика мамандығы ашылғалы ұстаздық етіп келеді.
Шығармашыл жанның еңбектері де бағаланып, «Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты», «Қазақстанның мәдениет қайраткері» атанды. Сондай-ақ оған «Түркістан қаласының Құрметті азаматы», «Кентау қаласының Құрметті азаматы» атақтары берілген. Осы орайда сазгер әрі ғалым-ұстаз Бекжігіт Сердәлінің 60 жас мерейтойына орай шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Мұнда шығармашыл жанның еселі еңбектері сөз болса мерейтой иесін бұл күні «Нұр Отан» партясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев та арнайы құттықтап өнер иесінің иығына шапан жапты. Сонымен бірге танымал әндерімен танылған азаматқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың және Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың құттықтаулары да табыс етілді.
aigak.kz