Шымкент қаласында жасөспірімдерге көмек көрсететін орталық жұмыс істейді. 2020-шы жылы ашылған орталыққа мегаполистің 10-19 жас аралығындағы кез-келген азаматы бара алады.
Бұл орынға «Жастар денсаулық орталығы» деген атау берген. Яғни, мұнда қаланың 19 жасқа дейінгі кез келген азаматы келіп, тегін қарала алады. Мәселемен келген жастарға уролог, гинеколог, психолог, тіпті заңгер мамандар көмектеседі.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі қоғамда түрлі мәселелерді мойнына ілген жастар өте көп. Олардың дені ерте жүктілік, психологиялық әлсіздік немесе медициналық сауатсыздықтан болады. Ал, олар өз мәселелерін жалпақ жұртқа жайып сала алмайды. Тіпті, ата-аналарына да айта алмайтын сырлары болуы мүмкін. Осындай мәселесі бар жастарды «жастар денсаулық орталығы» қабылдайды және көмек көрсетеді.
Социологиялық зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бір бөлігі жыныстық белсенді болып табылады. Алайда, олардың 91 пайызы түрлі инфекциялық аурулар туралы білмейді. Міне, осының салдарынан ауруға шалдыққан жастар көбейеді.
Қазақта «ауруын жасырған өледі» дейді. Ауыр айтылған сөз болса да, шындыққа тура қарау керек. Жастарды жан-жақты сауаттандыру қажет. Сонда ғана болашағымыз саналатын жас буынның мойнында мәселе болмайды.