Биыл «Дарынды балаларға арналған мамандандырылған №90 мектеп-гимназиясына» Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы тұлғаның есімі беріліп отыр. Білім күні қарсаңында дәл осы білім ордасына 350 ден аса оқушы қадам бастап отыр. Мектеп директоры Арман Шынбайұлы барлық оқушылардың алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі. Алғашқы қоңырау шарасы барлық санитарлық талаптарға сәйкес өткізіліп, бастауыш кезекші сыныптар мен ұстаздар жаңа оқу жылына кірісті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында “Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр”, – деп атап өткен еді. Үшінші мегаполисте жаңа оқу жылының қарсаңында Абай Құнанбаев есімін иеленген дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясының оқушылары жиынды ұлы ақынның өлеңдерін оқудан бастады.
Үшінші мегаполисте білім саласы «ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында өңірлік бағдарламамен жұмыс жүргізуде.
Шаһарда білім саласының ағымдағы жағдайына талдау жүргізіліп, мемлекеттік бағдарламада белгіленген нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген.
Алғашқы қоңырау рәсіміне онлайн түрде қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа оқу жылында оқушылардың қадамына сәттілік тіледі.