Нұрсұлтан Назарбаев спорт ғимаратын аралап көріп, қысқы универсиаданың ресми белгісімен танысты деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған nur.kz.
Сондай-ақ мемлекет басшысы университеттік спорттың халықаралық федерациясы өкілдерімен әңгімелесіп, федерацияның тікелей қолдауымен Дүниежүзілік қысқы универсиаданы Қазақстанның табысты өткізетініне сенім білдірді. Федерация өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевқа алда болатын универсиада аясындағы барлық іс-шаралардың тиімді өтуіне қосқан жеке үлесі үшін алғысын білдірді.
Қазақстан президентін универсиада өткеннен кейін нысандардың қалай пайдаланылатыны туралы да хабардар етті. Олар спорт мектептерінің, кәсіби және әуесқой командалардың жаттығуларын ұйымдастыру орталықтары ретінде пайдаланылады.
Сонымен қатар мемлекет басшысы «Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығымен» танысты. Онда Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей, Алматы қаласының тарих музейі, сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар қорынан алынған қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлерінің бірегей аспаптары көрермендер назарына ұсынылған.
Нұрсұлтан Назарбаев орталыққа өзінің жеке домбырасы мен әйгілі күйші Дина Нұрпейісоваға арналған «Дала әуендері» атты мүсінді тарту етті.
Дереккөз: nur.kz.