«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығынан бірер күн бұрын тау иесі — қар барысы бой көрсетті. Бұл сәтті қорық қызметкерлері алдын ала қойылған бейнебақылау камерасына жазып алған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты жануарлар әлемі және орман шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет фейсбук парақшасында жариялады, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
Қар барысы теңіз деңгейінен 2500 метр биіктіктегі «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының тауларынан түсіріп алынған. «Қызыл Кітапқа» енген бұл жыртқыштың жаз айларында төбе көрсетуі — сирек құбылыс. Ілбіс атауына да ие мысық тұқымдасына жататын тау тағысы жойылып кетудің алдында тұр. Сондықтан, ата-бабаларымыз бұл аңның қасиетін сол кезеңнен-ақ жоғары бағалаған. «Қазақстан -2030» ұзақ мерзімді даму стратегиясының «Қазақстан мұраты» бөлімінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін. Бізде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тіршілік ететін Қар Барысы дүниежүзілік қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзіндік ерекшеліктері басым. Бұл – өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен даралананатын Барыс болмақ» деп киелі жануарды мемлекетіміздің символына балаған болатын.
https://www.facebook.com/s.dildakhmet/videos/1694145714070306/


