Сайрам ауданында праймериз жоғары деңгейде өтіп жатыр. 28 тамыз — партияішілік сайлау науқанына қатысушылардың құжаттары қабылданатын соңғы күн. Аталмыш сайлау лайықты кандидаттарды таңдауға көмектесетіні белгілі. Сонымен, Сайрам ауданынан қатысып жатқан үміткерлер қандай мәселелерді көтермекші? Нақты кімдер додаға түсуде? Aigak.kz тілшісі бұл жағдайды назарына алды.
Праймериз еліміздегі саяси өзгерістің бастамасы іспетті. Сайрам ауданына баруымыздың өзіндік себебі де бар. Өйткені, партияішілік сайлауға өтініш тастаған Түркістан облысының 1000-нан аса үміткерінің 70-і сайрамдықтар. Қазіргі уақытта бұл аудандағы «Nur Otan» партиясының ішкі іріктеуіне қатысуға өтініш білдіргендердің 22 пайызы нәзікжандылар болса, 40 пайызы жастарды құрап отыр. Саяси науқанға кәсіпкерлік, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де қолдау білдіріп, үміткерлікке тіркелген. Жалпы алғанда, аталған сала мамандары сайлаусыз-ақ елге танылып, көпшіліктің назарында жүргендіктен елдегі өзекті мәселелерді көтеріп жүргені рас. Айтайық дегеніміз, аталмыш науқанға депутат ретінде халықтың жағдайын білетін, оның ішінде ауылмен қатынасын үзбеген ұлтжанды адамдар керек-ақ.
Билік партиясы өз есігін ашып тұрғанда, сайланатын азаматтар депутаттыққа неге бармасқа? Иә, үміткерлердің мақсаттары мен жоспарлары да әрқилы. Осы орайда, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты Мұрат Есалиев елдегі қазіргі медицина ахуалын айта кетті. Егер де праймеризден және одан кейінгі іріктеулерден өтіп, мандатқа ие болып жатса, медицина мәселесінің жетіспеушіліктерін көтермек.
Праймериз жалынды жастарға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз. Алдағы уақытта мәжіліс пен мәслихатта жаңа адамдар, жаңа есімдер келеді. Бастысы қолға алған істі абыроймен атқарады деп сенеміз. Ал, қоғамды алға бастар жігерлі жастар бұл науқанға қандай мақсатпен қатысуда? Мәселен, аллюминий өндірісін дамытып жүрген жас кәсіпкер Бекжан Айтқұлов ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Ендігі мақсаты — ірі бизнес көзін дамытып қана қоймай, оны көбейту жолдарын қарастырып, жұмыссыз жастарды еңбекпен қамту мәселесін қолға алуды көздеп отыр. «Жас келсе — іске», — деген аталы сөз осы шығар.
Праймериз 3 қазанға дейін өткізілетін болады. Қазіргі таңда Сайрам ауданы бойынша ішкіпартиялық іріктеуді ұйымдастыру және өткізуге дайындық науқаны жүйелі түрде іске асырылып жатыр.