Шымкентте қауіпті індет салдарынан қайтыс болған медицина қызметкерлерінің саны көбейіп кетті. Елім деп күні-түні еңбек етіп, өлім мен өмір арасында жүріп, қаза тапқан дәрігерлердің отбасына қандай көмек беруде? Осы орайда, қызмет бабында жан тапсырған ақ халаттыларға Мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, көңіл айтты. Сонымен қатар, жаман індет жалмаған 9 азаматтың отбасына «Шымкент — қайырымды қала» қорынан 1 млн. теңге қаржылай көмек көрсетілді. Өзекті мәселе өлкеде өзге де отбасыларда шешімін тапты ма?
Адам жанына араша түсіп жүрген медицина қызметкерлеріне мың алғыс, мың тағзым! Тосыннан келген індет кезінде медицина қызметкерлері мен дәрігерлер өз өмірлерін қатерге тігіп, алдыңғы шепте жүр. Осы орайда, қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараев індет кезінде жанкештілікпен еңбек етіп, қаза тапқан отбасыларға барып, бірі анасынан, бірі әкесінен айырылған жанұя мүшелерінің қайғысына ортақтасты. Сонымен қатар, қиын кезеңде елім деп ерінбей еңбек еткен ақ халатты абзал жандардың артында қалған ұрпақтарына қайтыс болған дәрігерлердің «Барыс», «Парасат», «Құрмет» сынды ордендерді табыстады.
Қайтыс болған дәрігерлердің қатарында №1 «Қалалық емхананың терапия бөлімінің меңгерушісі Ағзипа Тажденова бар. 33 жыл бойы еңбек жолында медицина саласына қосқан үлесі орасан зор. 3 қызды тәрбиелеп, айрандай ұйып отырған отбасының Отанасы енді жоқ. Жарының айтуынша, өзінің жағдайы ауыр болса да, «Гиппократ» антына берік болып, күнделікті жұмысқа барып, науқастарды емдеген. Биыл 58-ге толар еді деп еңсесі езіліп есіне алды.
Бұл індет жасы-кәрісіне қарамай, бүкіл әлемді қара жамылдырып отыр. Жақындарынан айырылып, артында қалған ұрпақтары әлі де естерін жинай алмауда. Бүгін бар адам, ертең жоқ. Сол себепті, туған-туысқа қамқорлық танытып, жақыныңызға жанашыр болыңыз. Қауіпті індетті көре тұра көз жұмып, селқос қарамай сақтанып жүріңіздер.