Шымкент қаласы тұрғындарының әлеуметтік желідегі пікірлеріне сүйенсек, үшінші мегаполисте дәл қазіргі таңда дәрі-дәрмек тапшы. Табылған күннің өзінде дәрілердің бағасы 4-5 есеге дейін қымбаттаған. Бұл пікірлердің анық-қанығына жету үшін қала ішіндегі дәріханаларға біртіндеп кіріп, қазіргі таңдағы ең қажетті дәрі парецетамол сұраған рейдтік топ алғашқы 3 есіктен таба алмады. Төртіншісіне келгенде ғана әр данасын 85 теңгеден көрдік. Бұл дегеніміз — қарапайым қызу түсіретін дәрілердің өзі тапшы дегенді білдіреді.
Дәрілер неге жетіспейді? Бұл сұраққа фармацевт мамандар қоймада тапшы деп жауап берді . Яғни, тапсырыс қабылдайтын, әрі жеткізіп беретін фирмалардың өзінде дәрі-дәрмек санаулы.
Дәрі табылмайды, табылса да бағасы аспандап тұр. Тұрғындардың сөздерінше сұранысқа ие болып жатқан емдік дәрілердің бағасы еселенген. Шымкент қаласында бұл мәселе қазірде ең өзекті тақырып.
Ия, пандемия өршіп, пневмония көбейген сәтте ұзын-сонар кезекке қарамай, халық жаппай дәрі-дәрмек сатып алуға көшті. Өйткені, үй жағдайында емделудің бірден-бір жолы осы.
Шаһарда 730-ға тарта дәріхана жұмыс істейді. Олардың қазіргі таңдағы ең басты мәселесі – дәрі тапшылығы. Әлеуметтік желідегі жарыса жазылған пікірлер де осыған қатысты.
