Құрметті ақпарат саласының майталмандары!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ақпарат ғасыры саналатын XXI ғасырда күнделікті өмірімізде БАҚ айрықша орын алып отыр. Қазіргі таңда кәсіби журналистикамен қатар азаматтық журналистика да қарқынды дамуда. Бұл ретте кәсіби журналистерді өз кәсібіне адалдық, айқын азаматтық көзқарас, жаңашылдыққа ұмтылыс қана өзгелерден ерекшелеп тұрады.
Құрылғанына екі жыл болған Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттап жүрген тілшілер қауымының еңбегі зор. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы, Н. Назарбаев біздің облысқа ерекше назар аударып, өңір журналистері үшін Медиаорталық салуды тапсырды. Бүгінде көне шаһарда заманауи әдемі ғимарат журналистер қауымы үшін дайын тұр.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметкерлерден бұрын облыс орталығына көшіп келген журналистерге ең алғашқы пәтер кілтін табыстадық. Бұл – біздің БАҚ саласының мамандарына көрсетіп жатқан қамқорлығымыздың бір мысалы.
Қадірменді журналистер қауымы! Биыл әлем жұртшылығы пандемиядан зардап шегіп, оның қиындықтары елімізде де сезіліп жатыр. Қауіпті індеттің таралуын шектеу, тұрғындарға көмектесу, алдын алу жұмыстарын атқаруда да ақпарат саласының өкілдері алдыңғы шепте жүр. Қауіппен бетпе-бет кездесіп, ел мүддесі жолында ақпарат таратуда.
Өз кәсіптеріңізге адалдық танытып, ақпарат майданында маңызды жаңалық жеткізуді мұрат тұтқан игі істеріңізге табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!
Жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру жолында қанаттарыңыз талмай, самғай беріңіздер!
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.