Еңбекші ауданында карантиндік қағидаларға бағынбаған, талаптарды сақтамаған 233 жайт тіркелген. Аудан прокуратурасының бастамасымен құрылған мобильдік тобы қадағалау аумағында бірлесіп жүргізген рейдтік шаралар кезінде төтенше жағдай режимiн бұзу фактілерін анықтаған, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының шешіміне сәйкес, 16 тұлғаға әкімшілік қамаққа алу, 39 тұлғаға айыппұл, 128 тұлғаға ескерту түріндегі жазалар тағайындалған. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ілясов мәлімдеді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында коронавирустік індеттің таралуына жол бермеу шараларын күшейту жөніндегі жедел жұмысшы топ штабы көптеген заңбұзушылық әрекеттердің алдын алу мақсатында жұмыс істеп жатыр. Жұмысшы топ құрамына Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, ішкі істер органдары және аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері енген.
Айта кетейік, 2020 жылғы 16 маусымдағы жағдай бойынша жалпы статистикаға қосылмаған коронавирус індетінің белгілері жоқ 683 тасымалдаушы тіркеліп отыр. Бұл туралы coronavirus2020.kz сайтында жарияланды. Жалпы белгілері жоқ тасымалдаушылар Қазақстанда — 6175-ге жеткен. Сондықтан, дер кезінде медицина ұйымдарына жүгініп, қажетті шараларды қолданыңыз. САҚТЫҚТА, ҚОРЛЫҚ ЖОҚ!