Кәсіп бастап, қаржы тапқыңыз келе ме? Алайда, қашан және қалай бастарыңызды білмейсіз бе? Онда «SHYMKENT INVEST» кеңсесіне келіңіз. Енді ғана ашылған бұл орталық жеке бизнес бастап, кәсіпкер боламын деушілерге көмек көрсетеді. Сансыз сұрақтарға да дәл осы орында жауап табуға болады. Шымкенттік кәсіпкерлерге арналған бұл фронт офистың ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі келіп қатысып, халыққа қалай қызмет көрсетілетіндігін көріп қайтты.
Қазіргі таңда жеке бизнес ашып, кәсіптің көзін табамын деушілерге түрлі бағдарламалар арқылы жол ашылған. Алайда, тұрғындардың көбі бұл туралы біле бермейді. Білсе де қандай жолмен бизнеске қол жеткізуге болатынынан хабарсыз. Осыған байланысты «SHYMKENT INVEST» кеңсесі ашылып отыр. Мақсаты жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсету.
Фронт офистың ішінде әрбір келушіге жеке-жеке қызмет көрсетіледі. Кәсіпті қалай ашуға болады? Оған оңай қол жеткізудің қандай жолдары бар? Сонымен қатар, мемлекеттен кәсіпкерлікке бөлінген гранттар туралы осы жерден толық мәліметтер ала аласыздар.
Тұрақты жұмысыңыз болмаса, жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыздар қатарына тіркелуге болады. Немесе мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, өз ісіңізді дөңгелетіңіз. Ол үшін сіздерге «Бизнеске арналған үкімет» фронт кеңсесі есігін ашып отыр. Мүмкіндіктерді қажетінше пайдаланыңыз!