Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, көп қабатты тұрғын үйлердің құрылыс қарқыны тоқтаған емес. Облыс орталығының өркендеуі жолындағы әрбір мәселені назардан тыс қалдырмайтын өңір басшысы бүгін кезекті рет құрылыс алаңына барды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі жазды, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
Құрылысшылармен кездесіп, алаңдағы әрбір мәселеге көңіл бөлетін Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен баспаналардың қасбеті тұтастай ашық түсті травертин мен ақ мәрмәрлі таспен қапталып жатыр. Бұл рухани астана келбетін шырайландырып, тұрғындар үшін өмір сүрудің қолайлы жағдайын қалыптастырудың алғышарты болып табылады.
Құрылыстың сапасы — әкімнің жіті назарында. Көп қабатты тұрғын үйлердің іргетасы қаланған күннен бастап, әрбір қышының қалануын қадағалаған Өмірзақ Естайұлы мердігер компания жауаптыларына жұмыс қарқынын жылдамдатуды жүктеді. Сондай-ақ, сақтық шараларын күшейте отырып, тәулік бойғы жұмыс кестесіне көшуді тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан қаласы әкімшілік-іскерлік орталығында 7,9 және 12 қабатты 5600 пәтер, не 89 тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Жыл қортындысымен 7 қабатты 24 тұрғын, яғни, 1452 пәтерді пайдалануға тапсыру жоспарланған. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға 450 пәтер берілсе, мемлекеттік қызметкерлерге 1000-нан астам кредиттік тұрғын үй тапсырылады.