Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжанов Қазақстан қалалары арасындағы блокбекеттер қашан алынатынын мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Ведомствоаралық комиссияның 1 маусымнан бастап қалалар арасындағы блокбекеттерді алып тастау туралы шешіміне сәйкес 5 маусымнан бастап тасымалдауды қайта бастау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Жолаушыларды автобустармен тасымалдау кезіндегі тиісті жұмыс алгоритмі бас санитар дәрігердің 2020 жылғы 10 мамырдағы қаулысының талаптарын ескере отырып әзірленген, енді маршруттың соңғы пункттерінде автобустарға дезинфекция жүргізілуі тиіс, ал жолаушыларға тек маскамен кіруге рұқсат беріледі», — деді Жәнібек Тайжанов ОКҚ брифингінде.
2020 жылғы 1 маусымнан бастап:
1) Өңіраралық блок-бекеттер алынады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлер мен өңірлер әкімдіктерінің шешімі бойынша коронавирустың таралу ошағы бар аймақтарда жергілікті блок-бекеттер сақталуы мүмкін.
2) Қазақстанның облыс орталықтары мен ірі қалаларына темір жол тасымалдары, сондай-ақ өңіраралық автобус жолаушылар тасымалдары қайта жаңғыртылады.
Жолаушыларды тасымалдау қатаң түрде Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген санитарлық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Теміржол және автовокзалдарда бекітілген талаптардың орындалуы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінің бақылауында болады.
3) Финтес және SPA орталықтарының қызметі қайта жанданады;
4) Спорт және мәдениет объектілері көрерменсіз жұмыс істей бастайды.
5) Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, қосымша білім беру ұйымдарының (бір топта 15 баладан көп емес), ғылыми-зерттеу институттарының және ғылыми орталықтардың жұмысы жанданады.
2020 жылдың 15 маусымынан бастап санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда кинотеатрлардың жұмысы қайта қалпына келтірілетін болады.
Сонымен қатар бірқатар елдерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын ескерумен, Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдарға халықаралық әуе рейстерін кезең-кезеңмен жаңғырту мәселесін пысықтауды тапсырды (І кезең аясында Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы және Әзербайжанмен; ІІ кезең аясында Біріккен Араб Әмірлігі, Германия, Түркия және Тайландпен).
Халықаралық әуе рейстерінің қайта ұшырыла бастайтын күні мемлекеттік шекаралардың ашылуына және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты анықталатын болады.
Оның айтуынша, әкімдіктер тасымалдау процесіне қатысушылардың алгоритмді сақтауын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.