Шымкент қаласында төтенше жағдай қызметкерлері коронавирус жұқтырған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 1852 адам COVID-19 вирусын жұқтырған.
«Ауруды жұқтырғандардың көбі Алматыда — 606, Нұр-Сұлтанда — 368, Қызылорда облысында — 149», — деді ол үкімет отырысында.
Осы орайда Елжан Біртанов өткен тәулік бойынша 141 жаңа науқас тіркелгенін, өсім деңгейі — 8,2 пайыз болғанын жеткізді.
«Ең көп науқас Алматыда — 82 науқас, Шымкентте — 23 науқас тіркелді. Алматы қаласы бойынша 82 науқастың 78-і жоспарланған скрининг-тесттің негізінде анықталды. Олардың 60-ы орталық клиникалық аурухананың ішіндегі науқастар және медициналық қызметкерлер. Шымкент қаласы бойынша 23 науқастың 16-сы скрининг бойынша анықталды. Олар — төтенше жағдай қызметінің қызметкерлері. Қалғаны емделіп жатқан науқастар мен карантинде жатқан азаматтар», — деді министр.