Мемлекет қайраткері, «Парасат», «Құрмет», «Достық» ордендерінің иегері, Түркістан облысының «Құрметті азаматы» Асқар Мырзахметов мемлекеттік қызметте әріптес болған Әліпбек Шәріпбекұлының қайтыс болуына байланысты отбасының, жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
«Оңтүстік өңіріне белгілі азамат, құрметті әріптес Әліпбек Шәріпбекұлының қазасын ауыр күйзеліспен қабылдадым.
Саналы ғұмырын өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына арнаған абзал азаматы еді. Облысты басқарған жылдары сенімді серіктесімнің бірі болды. Қандай бір жауапты мемлекеттік қызметте болмасын Әліпбек Шәріпбекұлы білікті де іскер ұйымдастырушы, әрбір істің көзін таба білетін талапшыл басшы бола білді.
Әліпбек Шәріпбекұлының қазасына байланысты оның отбасына, туған-туыстары мен ұрпақтарына көңіл айтамын.
Асыл азаматтың бейнесі есімізде мәңгі сақталады», — дейді Асқар Исабекұлы көңіл айту жеделхатында.
Ордабасы ауданының әкімі болып қызмет атқарып жүрген Әліпбек Өсербаев 17 сәуірде мезгілсіз өмірден озды.