Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Әліпбек Өсербаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі.
«Сіздерге Әліпбек Шәріпбекұлының өмірден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, құрылыс саласында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Саяси қызметте де жемісті жолдардан өтіп, бірқатар басшылық қызметтерді абыройлы атқара білді. Облыстың, еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосты.
Осындай азаматтың қазасын күйзеліспен қабылдадым. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын. Артында қалған ұрпағы аман болсын!» — делінген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жолдаған жеделхатта.
Еске сала кетейік, Әліпбек Шәріпбекұлы 17 сәуір күні 58 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ордабасы ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарып келген болатын.