Медициналық бетперделерді заңсыз, қымбат сату деректері анықталды,- деп хабарлайды aigak.kz тілшісі. 2020 жылдың 17 және 18 наурыз аралығында жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде мемлекеттік кірістер органдарында тіркелмей және қажетті құжаттарсыз медициналық маскаларды қымбат бағада сату бойынша Шымкент қаласында 2 дерек анықталған. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Дәурен Тұрғымбай арнайы баспасөз жиынында мәлімдеді.
Яғни департамент өкілдерінің жедел іс-шаралары нәтижесінде 20 мың дана медициналық бетперделердің әрқайсынын 180 теңгеге сату дерегі тіркелген.
Одан бөлек, Е. есімді азаматпен 5 500 дана маскалардың әрқайсысын 190 теңгеден сату дерегі де анықталған. Тіркелген іс-құжаттар Мемлекеттік кірістер департаментіне қарау үшін жолданды.
2020 жылдың 19 наурызында алынған 25 500 дана медициналық бетперделер Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына жауапты сақтау үшін ұсынылды.
Одан бөлек, қазіргі таңда бірқатар азаматтар төтенше жағдай жариялануымен медициналық бетперделерді және антисептиктерді үлкен көлемде сатып алып, оларды қымбат бағаға сату деректері интернет порталдарында кездесуде екен. Сондықтан экономикалық тергеу департаментінің өкілдері
мұндай әрекеттерді жасамауды сұрайды. Ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайлар орын алған жағдайда департаментің 74-14-50 нөмеріне хабарласуға болады.