16-наурыз таңғы сағат 9:22-де Төтенше жағдайлар Департаментіне «103» нөмірінен 4 адамның қайтыс болғаны және 1 адамның ауруханаға жеткізілгені жайында хабар келіп түскен. Бұл туралы Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар Департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов баяндады.
Оқиға Шымкент қаласындағы жеке-меншік аяқ-киім тігетін цехтың ауласындағы дүңгіршекте тіркелген. Төтенше жағдай орын алған мекен-жайға шұғыл жеткен мамандар қайтыс болған 4 адамның иістен уланғанын анықтаған. Алдын ала мәлімет бойынша барлығы Өзбекстан Республикасының азаматтары екен. Объект жеке кәсіпкер Б.Тартаевқа қарасты, қазіргі таңда жұмыс істемейді. Қайтыс болған азаматтар осы объектінің қоқыстарын тазалау үшін жалданған. Оқиға орнына ТЖД-ның 2 бірлік техникасы мен 5 қызметкер шықты.
Медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда қайтыс болғандардың аты-жөндері және қайтыс болу себептері анықталуда. Белгілі болғаны ол жерде ешқандай қауіпсіздік шаралары сақталмаған.
Аман қалған бір азамат ауыр халде токсикологиялық ауруханада жатыр.
Айғақ-ақпарат