Шымкент қаласында «Рахат» кондитерлік фабрикасы мармелад өндірісін іске қосты. Кондитерлік өнімнің бұл түрі үшінші мегаполисте алғаш рет өндірілетін болады. Аталған компания әлемнің бірнеше мемлекеттеріне өнім экспорттайды.
Алғашында Алма-ата кондитерлік фабрикасы болып, 1992 жылы «Рахат» акционерлік қоғамы болып өзгерген өндіріс орны қазіргі таңда Қазақстандағы үздік тауарлар өндіретін компаниялардың қатарында. Өткен жылдағы есеп бойынша фабрикада 20 мың тонна өнім шығарылған. Осындай үлкен көлемде тауар өндіріп, экспорттауға қауқарлы компания Шымкент қаласына мармелад өндірісінің жаңа желісін ашып отыр.
Кондитерлік өнімнің бұл түрін өндіру мақсатында Шымкент қаласына 1,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар, фабрикаға мармелад өндірісін қосу арқылы үшінші мегаполистің 80-нен аса тұрғыны жұмыспен қамтылады. Алдағы уақытта өндірістік орын бір сағат ішінде 1 тонна, бір жылда 3,5 мың тонна мармелад шығарады деп жоспарлануда. Сапалы кондитерлік өнімдері арқылы Қазақстандық брендке айналған «Рахат» фабрикасы 400-ден аса өнім өндіреді. Заманауи соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған бірден-бір кондитерлік компания.