Шымкент қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті ескірген үйлер қайта жаңаруда. Бүгінде қала аумағында жөндеуді қажет ететін 71 тұрғын үй бар. Көпқабатты үйлердің сыртқы келбеттерін ретке келтіру жобасы 2 кезеңге бөлінген.
1-кезекте орталық көшелердегі яғни, Республика даңғылы және Тәуке хан даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін тездетіп ретке келтіру мақсатында, қазіргі таңда аталған орталық көшелерден 41 үй анықталған. Бұл үйлерді жөндеу үшін 13 мердігер мекеме тартылды.
Бүгінгі таңда мердігер мекемелер мен басқарма мамандары тараптарынан үйлердің жағдайы зерттеліп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2-кезекте басқада орталық көшелердегі 30 көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтеді.
Айта кету керек, бұл жұмыстардың барлығын қала әкімдігінің қолдауымен жеке кәсіпкерлер жүзеге асыруда. Бұл дегеніміз Шымқаланың көркеюін тек әкімшілікке ғана ысырып қоймай, өз үлестерін де қосу. Құрылыс жүріп жатқан орынға келіп, жұмыстармен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпкерлерге қала халқының атынан алғыс айтты.
Сондай-ақ, барша тұрғындарды да қаланы таза ұстауға шақырды. Бұл алдағы наурыз айында болатын халықаралық мерекелік шараларға дайындық. Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай келетін туристердің де саны артпақ. Сондықтан да, қаланың келбеті мәдени астанаға сай болуы тиіс.