ОҚО-на бару барысында Кәрім Мәсімов өндірістік және мәдени-тарихи нысандарды, АӨК кәсіпорындарын аралады, білім берудің өзекті мәселелері бойынша кеңес, кәсіпкерлермен дөңгелек үстел өткізді, мұнай өңдеу зауытын жаңғырту барысымен танысты, сондай-ақ аймақтағы қоғам өкілдерімен кездесті.
Кәрім Мәсімов Шымкенттің көлік инфрақұрылымы нысандарының қауіпсіздік жүйесін тексерді. Әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді тексеру — Премьер-Министрдің аймақ бойынша жұмыс сапарының негізгі тармағы. Көпшілік жиналған жерде көлік инфрақұрылымы нысандарына баса назар аударуға антитеррористік шараларды күшейту себеп болып отыр.
Кәрім Мәсімов Түркістандағы туристік саланың әлеуетіне баға берді. Қазір ОҚО-да Түркістандағы орталықпен туризмді дамыту бойынша жаңа жоба белсенді жүзеге асырылып жатыр. ҚР Премьер-Министрі өңірдің тарихи-мәдени нысандарының жағдайымен танысты. Түркістан Қазақстанның мәдени астанасы болып саналады — өткен жылы бұл өңірге бір миллионнан астам турист келді.
Түркістанда Премьер-Министр қаланың ақсақалдар алқасымен және зиялы қауым өкілдерімен әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қолжетімді баспана үшін кезекте тұрғандарға арналған көпқабатты үйлердің құрылысы, халықты газбен жабдықтау және туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Кәрім Мәсімов Түркістанда Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін аралады.
Премьер-Министр қазақстандық білім беру проблемалары мен перспективалары жөнінде кеңес өткізді.
Мемлекеттік органдар, төрт облыстың, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының білім беру ұйымдарының және өңірдің қоғам өкілдері арасындағы ашық диалог Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің алаңқайында өтті.
ҚР Премьер-Министрі ОҚО ауыл шаруашылығы әлеуетіне баға берді. Кәрім Мәсімов 30 шаруашылық қожалығын біріктірген «Мемлекет» ӘКК мысалында жеке қосалқы шаруашылықтағы тиімді өндірісті қалай ұйымдастыру керек екені туралы жұмыс барысымен танысты.
Кәрім Мәсімов кәсіпкер-шаруалармен микронесиелеу және жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Шағын бизнесті, оның ішінде шағын агроқұрылымдарды қолдау үшін елімізде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы жұмыс жасайды, оны жүзеге асыруға Үкімет баса назар аударады. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында АӨК-нің барлық бағыттары бойынша тұрақты өсу байқалуда. Аймақтық Индустриаландыру картасының 165 жобасының 65% ауылдық жерлерге негізделген.
ҚР Премьер-Министрі Шымкент МӨЗ-ын жаңғырту барысымен танысты. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына енген ауқымды жобаны жүзеге асыру барысы туралы Премьер-Министрге кәсіпорын президенті Ц. Ши мен бірінші вице-президенті А. Тұрысбеков баяндады. Кәсіпорынды жаңғырту толығымен 2017 жылдың соңында аяқталады және республикаға айтарлықтай экономикалық әсер береді.
«www.pm.kz» веб-сайтынан алынған