Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Аманұлы Кәлетаев Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Дархан Аманұлы 1972 жылы 10 қазанда туған, білімі жоғары. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Ұлттық Жоғары Мемлекеттік басқару мектебін бітірген. Мамандығы бойынша тарихшы-оқытушы, мемлекеттік басқарудың менеджері. Саясаттану ғылымдарының докторы. «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған. Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басқарушы директоры болып қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Парламент Сенатының депутаты болған. 2018 жылы 4 сәуірінен 2019 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі қызметін атқарды. ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып еңбек еткен.
Ал, Қазақстан Республикасының Иордан Хашимиттік Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Айдарбек Ануарбекұлы Тұматов Қазақстан Республикасының Ирак Республикасындағы, Палестина Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне тағайындалды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Самат Исламұлы Ордабаев Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы қызметінен босатылды.