Алтыншы шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында ҚР Президент әкімшілігі мен облыс әкімі Б.Атамқұловтың келісімімен Қаратау ауданының әкімі болып Ғабит Патышаханұлы МӘУЛЕНҚҰЛОВ тағайындалды.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, қалалық мәслихаттың кезектен тыс бесінші сессиясында жаңа аудан әкімінің кандидатурасы мақұлданды.
Сессияның күн тәртібінде Қаратау ауданы әкімін тағайындауды келісу туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндама жасады. Сессия жиынынан соң қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Қаратау ауданы әкімдігіне жаңа басшысы Ғабит Патышаханұлы МӘУЛЕНҚҰЛОВТЫ таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Ғабит Патышаханұлы МӘУЛЕНҚҰЛОВ
Ғабит Патышаханұлы 1977 жылы 22 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында туылған. Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Халықаралық құқық және нарық академиясы мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Алғаш еңбек жолын 2000 жылы Каспий экологиялық прокуратурасының маманы, Каспий экологиялық прокуратурасы прокурор көмекшісінің міндетін атқарушысы болып бастаған.
2001 жылы Атырау табиғатты қорғау прокуратурасы прокурор көмекшісінің міндетін атқарушысы, 2002 жылы Астана қаласындағы «Астана Интернационал» ЖШС заңгері, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты азаматтарды қабылдау және шағымдар бөлімі экспедициясының, кадрлық жұмыс басқармасының референті, 2004 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты кадрлық жұмыс басқармасы соттардың іс-әрекетіне шағымдану жұмысы бойынша инспекциясының, соттардың іс-әрекетіне шағымдарды қарау бөлімінің консультанты болған.
2004 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты кадрлық жұмыс басқармасы Республикалық тәртіптік-біліктілік сот алқасының қызметін қамтамасыз ету соттардың іс-әрекетіне шағымдарды қарау бөлімінің бас сарапшысы болып еңбек еткен.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты кадрлық жұмыс басқармасының бас сарапшысы, мемлекеттік қызмет және кадр бөлімінің бас сарапшысы, бас консультанты, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты шағымдарды қарау, Сот жюрилерінің қызметін қамтамасыз ету және Республикалық тәртіптік-біліктілік сот алқасы бөлімі Сот жюрилерінің қызметін қамтамасыз ету және Республикалық тәртіптік-біліктілік сот алқасы секторының меңгерушісі, 2010 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты шағымдарды қарау және кадрлық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, азаматтық және әкімшілік жұмыстары бойынша хатшылық алқасының, құжаттандыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі болып істеген.
2010 -2016 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қызметін қамтамасыз ету департаменті азаматтық және әкімшілік жұмыстары бойынша бақылау сот алқасы хатшылығының меңгерушісі, 2016 жылы 4 қаңтардан бастап, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппараты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қызметін қамтамасыз ету департаменті азаматтық істер жөніндегі сот алқасы хатшылығының меңгерушісі болып еңбек еткен.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі