Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған отбасылармен жүздесуге арналған түркістандық делегацияның сапары 46 мың тұрғыны бар Қызылжар ауданында жалғасты. Бұл аймақ 19 ауылдық округке бөлінген. Іс-сапар барысында Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылына барып, ондағы Оңтүстік өңірінен өткен жылы қоныс аударған екі бірдей отбасының жағдайымен таныстық. 2019 жылы Қазығұрт ауданынан көшіп келген Насыров пен Усмановтар отбасы бүгінде жанға жайлы баспанаға қол жеткізіп, ісін ілгерлетуде. Алдағы уақытта автокөлік жөндеу сервисін ашуды жоспарлап отырған Руслан Насыров әзірге жеке шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетуде.
Оның айтуынша, жаңа баспанаға қол жеткізген сәтте Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы келіп, қоныстарына құтты болсын айтқан. «Жақсы сөз — жарым ырыс» демекші, Бердібек Мәшбекұлы білдірген ізгі ниеттен қуаттандық дейді. Бұл тұста екі бірдей шаңырақтың жағдайымен танысып, сұхбаттасқан түркістандық делегация отбасының бүлдіршіндеріне Оңтүстік өңірінің табиғи өнімдерін базарлық ретінде ұсынды. Сонымен қатар, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Сенде бір кірпіш дүниеге»атты кітабын тарту етіп, алдағы жоспарларының жемісті болуына ниеттестік білдірді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың және мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамаларының негізіндегі іс-шаралар мен Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің қолға алған «Қамқорлық» жобасы Солтүстік жерінде әлі де жалғасын табатын болады.