Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен, мемлекеттік қызметті электрондық форматта баламасыз алу тәжірибесін енгізу бойынша ТО ПД-нің жетекші қызмет салаларының қызметкерлеріне оқыту жұмыстары жүргізілді. Құқықтық оқытуға ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Гүлжан Мұсабекова мен «Азаматтарға арналған үкімет» Ұлттық корпорациясының менеджері Талған Сағынбаев арнайы келді. Оқыту барысында елімізде қолға алынған Е-gov «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін көптеген мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ немесе ғаламтор желісі қосылған компьютермен жұмыста отырып-ақ алуға мүмкіндік бары түсіндірілді.
Бірінші кезекте оқытуға арнайы келген мамандар: «Электронды үкімет — ЖСН арқылы ғана айыппұлдарды онлайн жүйесінде төлеуге болатын, автокөлікті рәсімдеп, нөмір беру, есептен шығару, анықтама алу үшін ХҚКО жеке куәлік қана талап етілетін, бизнесіңізді өз бетіңізше тіркеуге, немесе электронды үкімет порталында небәрі 10-15 минут ішінде анықтама алуға, күн-түн демей, кез келген уақытта қажетті анықтамаларыңызды алуға болатынын атап өтті. Сабақ барысында оны практикалық әдіспенде көрсетіп өтті. Оған қоса, электронды түрде жұмыс жүргізілсе, азаматтардың тікелей байланысы азайып, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтіндігі айтылды.
Бүгінде 723 мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлері бар. Бұл ретте, Түркістан облысында 500-ден астам мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Сондықтан, әрқайсымыз компьютерлік сауаттылығымызды арттырып, өзімізге қажетті ақпараттар мен құжаттарды Е-gov «электрондық үкімет» порталы арқылы алуға дағдыланайық. Бұл — уақытты үнемдейді және қолайлы қызмет. Мемлекеттік органдарға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекті қысқартып, анықтама, куәлік, рұқсат құжаттарын және тағы басқаларын алуды жеңілдетуге әрі жылдамдатуға мүмкіндік береді.