«ҚАЗАҚ ҮНІ» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының «ЖЫЛ АДАМЫ – 2019» таңдаулылары анықталды, деп жазады аталмыш портал сайтында.
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2019 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды.
Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2019 жылдың үздіктерін анықтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2019» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жылдың басты оқиғасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты. Қазақстанның жаңа Президенті сайланды. ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі құрылды
Жыл жетістігі – Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша бірнеше кезеңнен тұрған «Жусан» операциясы өткізілді
Жыл датасы – 9 маусым, ҚР Президенті сайлауы
Жыл ректоры – Рабиға Қуатбекова.
Шымкент қаласындағы академик А. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің ректоры Рәбиға Қуатбекова еліміздің білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан жан. Жыл сайын жоғарғы оқу орнының бірнеше түлегі халықаралық және республикалық білім сайыстарында бас жүлделерге ие болады. Мысалы, биылғы жылы өткен «ХХІ ҒАСЫР КӨШБАСШЫСЫ» атты халықаралық үздік студенттер байқауында, университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 курс студенті Бексейіт Әшірбекұлы І дәрежелі дипломмен және төсбелгімен марапатталды. Білікті мамандар даярлауға зор үлес қосып жүрген Рәбиға Әбдімұсақызының да еңбегі елеусіз қалмай, Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан арнайы марапатқа ие болды.