Қазақ қыздарының ішіндегі тұңғыш геолог-ғалым Патшайым Тәжібаеваның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ескерткіш ашылды. Нәзік жанды ғалымның мүсіні Төлеби ауданындағы №3 Патшайым Тәжібаева есімі берілген мектеп ауласынан бой көтерді. Салтанатты түрде ашылған ескерткіштің лентасын қиюға белгілі жазушы Сәбит Досанов пен өзге де қоғам зиялылары қатысты.
Патшайым Тәжібаева — өмірде дана, ғылымда дара, жасампаз тұлға ретінде ғылыммен қоса қоғамдық қызметтерге белсене араласқан. Қазақстандағы литология ғылымының негізін қалаған. Орта Азия әйелдері арасынан оқ бойы оза шығып, геология ғылымының тұңғыш докторы, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы.
Міне, осындай тұлғаны өмірге әкелген Төлеби ауданында ғалым қыздың ескерткіші ашылып, көпке үлгі етілді. Салтанатты жиынға қатысушылар мектеп ұжымын құттықтап, оқушыларға Патшайым Тәжібаева жайында тың деректер жеткізді. Биіктігі 3,30 метрді құрайтын ескерткіш қоладан құйылған. Мүсіннің авторы Құралбек Қосуақов. Ал, демеушілік жасаған ауданның кәсіпкерлері.
Тұңғыш геолог қыздың есімі берілген мектеп қабырғасында өткен шара соңы Патшайым Тәжібаеваның 100 жылдық мерей тойына арналған көрмені тамашалаумен жалғасты. Сонымен қатар, ғалымды үлгі еткен оқушылар да өзінің Патшайым анаға арнаған арнауларын жеткізді.