Түркістанда ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің халыққа білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша көшпелі отырысы өтуде. Жиынға Әділет вице-министрі, Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының Әділет департаменттерінің өкілдері шақыртылған.
Күн тәртібіндегі басты мәселе жаңадан құрылған Түркістан облысында адвокаттар алқасын дамыту және халыққа заңның қызметі мен көмегін қалыптастыру. ҚР Әділет вице-министрі Алмат Мадалиевтің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 5 мыңнан аса адвокаттар бар. Олардың 1500-ге жуығы біліктілікті арттыру дәрістерінен өткен.
Дегенмен, халыққа заң жүзінде көмек жеткізуде әлі де бірқатар жұмыстар атқарылуы керек. Адвокаттардың тегін қызметі бойынша арыз-шағымдар да көп. Бұл мәселелерді шешу бағытында заңнаманы жаңғырту шаралары қолға алынуда. Көшпелі отырыстың мақсаты да халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз етуге ықпал жасап, нақты ұсыныстарды қабылдау болып отыр.