Дертіңіз жаныңызға батқанда бірінші жедел жәрдем станциясына хабарласасыз. Алғашқы көмек көрсететін дәрігерлер адам жанын аман алып қалу үшін шақырған жерге тез жетуге асығады. Алайда, халық шағымданатын кешігу сәттері де кездеседі. Бұл мәселенің туындауына әсер ететін факторларды Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері брифингте мәлімдеді.
Шымкент қаласында 1 млн 39 мың халық тұрады. Осы тұрғындарға қызмет ету үшін қала бойынша жедел жәрдем көрсету қызметінің 9 бекеті және 7 филиал, оның ішінде 81 бригада жұмыс жасайды. Олар халыққа қол жетімді болу үшін белгіленген стандартқа сәйкес, уақытылы жету мақсатында тиісті мөлтек аудандарға орналастырылған. Десек те, халық тарапынан жедел жәрдемнің жедел келмеуі жайында шағымдардың түсетіні жасырын емес. Бұл деректі бүгінгі Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясында өткен брифингте дәрігерлер де растап отыр. Оның себептері де жоқ емес. Алғашқысы, көліктердің ескіруі.
Бүгінде 24 сағат бойы тынымсыз жүретін жедел жәрдем көліктерінің 82 пайызы ескірген. Бұл мәселені шешу мақсатында жақын арады жекешелік-әріптестік аясында 100 жаңа көліктерді әкелу жоспарлануда. Нәтижесінде, кешігу пайызын азайтуды көздейді. Көлік мәселесі шешілгенімен кешігу себептері аяқталмайды. Тағы бір мәселе – жолдағы кептелістер.
Күніне 2 мыңнан аса шақырту алатын жедел жәрдем станциясы қоңырау шалған науқастарды 4 жеделдік санатқа бөледі. Шақыртулар саны кешкі уақытта көбейетіндіктен дәрігерлер шұғыл көмек көрсетуді, яғни өлім-жітімді азайтуды бірінші орынға қояды. Соның салдарынан кешігу пайда болады деп түсіндіреді дәрігерлер. Және осы жағдайлар бойынша халыққа түсіністікпен қарауларын сұрайды.