Қырғызстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одағына қосылуына сәйкес ОҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық салу тәртібін хабарлайды. Яғни салық кодексіне сәйкес Кеден одағында тауарлардың экспорты кезінде қосылған құн салығын есептеу және төлеу тәртібі жан-жақты түсіндірілуде. Осы мақсатта мемлекеттік кірістер департаменті мамандарынан құрылған топ бүгін Шымкент қаласындағы «Автонұр» базарына арнайы келіп сатушылармен кездесті. Олардың айтуынша Кеден одағына мүше мемлекеттер, оның ішінде Қырғыз елінен тасымалданатын тауарларға қосылған құн салығын төлеушілер үшін жаңа жүйе қарастырылып отыр. Айталық ҚР-ның аумағына Қырғызстаннан тауар импорттаған жағдайда салық төлеуші орналасқан жері бойынша салық органына қағаз тасығышта және электронды түрде импортталған тауарлар бойынша жанама салықтардың декларациясын тапсырады. Ал қосымша құн салығы әр айдың 20 нан кешіктірілмей төленуі тиіс. Салық төлеу жүйесінің осы және өзге де тұстарын сала мамандары тауар тасымалдаушыларға толыққанды түсіндіріп, тиісті сауалдарына да жауап берді.
Абай ОМАР