Арыстың бүгінгі тіршілігі қыз-қыз қайнаған. Орталық алаңға жиналған көпшілік бұл жолы арзан бағамен жәрмеңкеден тауар алуға асыққан.
Қай ауыл шаруашылық өнімін алсаңыз да, барлығында кезек күткен Арыстықтар. Облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының түрлі бағыттарында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындар өз өнімдерін жәрмеңкеге алып келген.
Соның бірі — “Dala fruit “ өндіріс орны. 100% табиғи өнімнен жасалған шырындарға сұраныс та жоғары. 1,5 литр табиғи шырынның бағасы — 500 тг. Тұрғындардың көңілінен шықса керек, кезек күткендердің қатары басым. Ал, «Бөрте Милка» өндіріс ошағы сүт өнімдерін жәрмеңкеге алып келген. Экологиялық таза өнім нарықтағы бағадан -30% жеңілдікпен сатылуда.
Арыстық тұрғындар үшін арнайы ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеде өнімдер зауыт бағасымен бірдей сатылуда. Өндіріс орнының сапаны қадағалау бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жолжанов өнімдерге апта сайын сұраныс артып жатқанын, өткен апта сауда жасаған тұрғындар қайта келіп, сапасы мен дәміне жоғары баға беріп жатқанын жеткізді.
Ал, бүгінгі жәрмеңкеге келген тұрғындардың басым көпшілігі «Ордабасы құс » кешенді өндірісінің «Дәмді ет» өнімдерінде кезекте тұр. Халал шұжықтардың бағасы да сауда орталықтарынан 30-40% жеңілдікпен сатылып жатыр. Барлық өнімдер бағасы килограммына — 300 тг мен 600 тг аралығында. Аптаның әр жұмасында ұйымдастырылатын жәрмеңкенің тұрақты қатысушысы да осы «Ордабасы құс» ЖШС. Төтенше жағдайдан зардап шеккен халыққа алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Шымкентте уақытша бас сауғалаған арыстық тұрғындарға бірнеше күн ас-ауқатын ұйымдастырып, қайырымдылық шарасын өткізген болатын. Енді міне, жәрмеңке арқылы өнімдерін едәуір арзан бағада ұсынып келеді.
Бұл жәрмеңке — Арыстық ағайынға көрсетіліп жатқан игі істердің бір көрінісі ғана.