Арыс қаласында болған жарылыстан кейін ел аузында қауырт әңгіме тарап кетті. Бірі жарылыс тоқтамаған, жер сілкінеді деп дүрлікті. Тағы бірі Бөген су қоймасын ашты, Түркістан аймағын су алу қаупі бар деп ақпаратты оңды-солды тарқатты.
Әлеуметтік желіде өріп жүрген сыбыстарға байланысты Сенатор, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы Мұхтар Құл- Мұхаммед Бөген су қоймасына арнайы соқты. Елдің дүрлігіп жүрген мәселесіне байланысты «Айғақ» телеарнасына сұxбат беріп, жалған мәліметке сенбеу керектігіне шақырды.
«Бөген суын жіберетін ой жоқ, ондай мәселе көтерілмеген. Сондықтан Арыстағы ағайынды, жалпы жұртты даурықпауын өтінем. Ежелден ағайынгершілігі, бірлігі, шыдамды қасиетімен белгілі Түркістан облысы мен Шымкент қаласының xалқы ел басына күн туған сәтте тағыда мықтылығын көрсетті. Жаратқан Алла осы бірліктен айырмасын. Елге тыныштық, амандық тілеймін» — деді Мұxтар Абрарұлы арнамыздың тілшілеріне берген сұxбатында.