2019 жылдың 25 мамыры күні Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Білімді жастар — болашақтың тірегі» атты соңғы қоңырау салтанатты жиын өтеді. Шараға Назарбаев Зияткерлік мектебінің қамқоршылық кеңес төрағасы Лесбек Тәшімов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Азаматтық альянстың» Түркістан облысы филиалының жетекшісі Шәріпбек Жамалбек қатысады.
Биыл аталмыш оқу орнынан 85 түлек түлеп ұшады. Оның 31-і АҚШ, Испания, Түркия, Сингапур, Канада, Венгрия, Болгария, Австрия және тағы басқа мемлекеттердің белді де беделді университеттерінен шақырту алған. Мәселен, 12 сынып оқушысы Жанұзақ Жолдыбай мен Санжар Ендібаев — Сидней қаласының SP Jain университетінің грант иегерлері атанды.
Ал Русин Антон әлемнің үздік 100 ЖОО-на кіретін және Қытайдың төрттігіне енген Гонконгтағы CityU университетіне қабылданған. 2018-2019 оқу жылындағы рекордық нәтижені дарынды оқушы Сымбат Көшерова көрсетіп отыр. Оны әлемнің түкпір түкпіріндегі 20 ЖОО қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді. Айту керек, биылғы түлектер аталмыш оқу орнының бағдарламасын толық аяқтаған алғашқы лек.