Үшінші мегаполисте жастар мәслихатын құру қолға алынбақ. Бұл туралы қоғамдық кеңес отырысында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев баяндады. «Елбасы 2019 жылды жастар жылы деп жариялады. Оларды еліміздің болашағы деп сенім артты. Расында шаһарда жастар мәслихатының құрылуы уақыт талабы. Себебі, Шымкенттің әрбір төртінші тұрғыны жастар өкілі болып табылады»- деді мәслихат хатшысы.
Аталған бастаманы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі қолға алған. Бүгінде мегаполистің 30 пайызын жастар құрайды екен. Сондықтан, олардың қоғамдық жұмыстарға араласуына, өзекті мәселелерді шешуге үлес қосуына мүмкіндік беруіміз қажет. Енді жастар мәслихат деңгейінде ұсыныстар мен талап-тілектерін билікке жеткізе алады.
Жастар мәслихатының қатарына 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар сайланбақ. Шымкент қалалық мәслихат депутаттарының саны 29 болса, жастар мәслихаты да 29 жас азаматтармен толығады. Олардың мәслихаттағы өкілеттілігі 2-жыл болады. Үміткерлікке мектеп, колледж немесе жоғарғы оқу орындарының студенттері де қатыса алады. Белсенділер әлеуметтік желіде дауыс жинау арқылы іріктелмек. Дегенмен, қала әкімі бұл бағытта оқу орындарына жолдама беріп, таңдау жүргізудің қажеті жоқтығын ескертті. Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша мәслихат қатарына өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар, кәсіпкерлер, қарапайым жұмысшы, тіпті жұмыссыз болса да сайлауға түсуіне мүмкіндік жасау керек. Одан бөлек, бұл бастаманы жүзеге асыруда талаптар мен ережелерді нақтылап, ерекше назар аудару тиіс. Айта кетейік, алдағы күндері жас мәслихат қаладағы «Жастар ресурстық орталығына» жайғасатын болады.