«Айғақ» редакциясына тағы бір хат келіп түсті. «Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгердің туыстарына іздеу саламыз» делінген. Боздақтың аты-жөні Абдулан Муталиев. 1925 жылы дүниеге келіп, 1943 жылдың 1-ші мамыры күні 18 жасында қанды қырғынға аттанған. Соғысқа шақыртылған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы деп жазылыпты. Жауынгер 1944 жылдың 1-ші қазаны күні ауыр жарақат алып қаза тапқан екен. Сүйегі Польша Республикасындағы Подкарпатское облысына қарасты (воеводство) Ясель ауылында жатыр. Дәл осы жерлес жауынгеріміз жатқан зиратта жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Осыған байланысты Абдулан Муталиевтің туыстарына іздеу салынып жатыр.
Соғысқа атанған жауынгер Абдулан (мүмкін Әбдулан) Мүталиевтің ағасы Момын Мүталиев болған. Ағасының мекен-жайы Арыс ауданы, Қараспан ауылы, Социализм колхозы деп жазылған. Қазіргі Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округіндегі Сарыарық елді мекені. Ресей еліндегі іздеушілер (поисковиктер) жіберген осы хаттың негізінде «Айғақ» телеарнасының шығармашылық тобы Мүталиевтер отбасын іздеуге кірісті. Егер соғыста қаза тапқан Абдуланның ағасы Момын Мүталиевтердің ұрпағы, туыстары болса редакцияға хабарласуға болады.