Түркістан облысында алғаш рет үлкен көлемде келіндер сайысы ұйымдастырылды. Қазақтың ибалы келіндерінің басын қосқан сайысқа 30-ға жуық жас келіндер қатысуда. 25-30 жас аралығындағы келіндерді жарыс кезінде қолдауға өзінің енесі мен қайынсіңлілері келген.
Жарысты өткізудегі басты мақсат жас келіндердің өз әулетіндегі дәрежесін арттыру және ата-бабамыздың ұмыт қалып бара жатқан салт-дәстүрі мен жөн-жөралғысын қайта жаңғырту. Сайыс шарты бойынша барша қонақтар мен қатысушылар ұлттық нақыштағы қазақша киімдерді киуі тиіс. Ұзын етекті, әдемі орамал мен өрнектелген камзолдар барлық нәзік жандыларға жарасып-ақ тұр.Бұл келіндер сайысының бір ерекшелігі ешқандай әділқазы алқалары шақыртылмаған. Көрерменнің бағасымен әділ өтпек. Жарыстың жеңімпазы атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталмақ. Одан бөлек, ынталандыру грамоталары мен мақтау қағаздары да үлестірілетін болады.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінің қарсаңында өтіп жатқан Келіндер сайысы барлық жастарға үлгі бола алады деп толық сеніммен айта аламыз.