– Бүгін елордада өткен VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарттар мен балалар үйлерін біріктіру мәселесін қарастыруды тапсырды. «Біз қартаятындығымызды ешқашан ойламаймыз. Барлығымыз да қарт боламыз. Бүгін жаспыз және алдымызда мыңдаған жыл бардай көрінеді. Бұл өте жылдам өтеді, көз алдыңа елестетіп те үлгере алмайсың. Әсіресе, біздің қазақтарға ата-анасына қамқорлық жасау деген ата-бабамыздан қалған салт болатын. Қазір мен ақсақалдардың үйіне барып, қазақтың үлкен аталары мен әжелері отырғанда жаным ауырады. «Ақсақал балаларыңыз бар ма?» деп сұрасаң, «қайтесің», деп теріс қарап жылайды. Сонда қалай болғаны? Сонда біз өзіміздің салтымыздан, ғұрпымыздан ажырағанымыз ба? Әке-шешемізді қарттар үйіне апарып тастап үйде қалай отырамыз?»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы батыста мұндай үйлердің бар екендігін атап өтті. Бірақ, ондағы қарттар өз үйлерінде сұхбаттасар серігі, көршілері, қатарластары болмағандықтан өз еріктерімен баратындығын айтты. «Қазір қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру туралы ұсыныс түсіп жатыр екен. Мүмкін мұны да қарастырып көрген жөн болар», — деді ҚР Президенті.
– Таяуда 90 жылдығын тойлаған Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мерекені ұйымдастыру барысында Түлкібас ауданын Түркібасы деп қайта атау туралы ұсыныс хатын Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа жолдаған болатын. Осы хаттың негізінде Үкіметке Түлкібас ауданының атауы өзгерту туралы тиісті ұсыныс енгізді. Жобасы дайындалды. Аталған Қаулы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған. Үкімет шығарған: «Түркістан облысының Түлкібас ауданын қайта атау туралы» Елбасы Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін» деген қаулыға Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қол қояды. Елбасына жолданған қаулы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес мақұлданып, Түркістан облысының Түлкібас ауданы Түркібасы ауданы болып қайта аталсын. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» деген бұйрықпен Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаулы шығарады.
– ҚР Премьер Министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы бірқатар нысандарды аралады. «Dala-Fruit.kz» компаниясы мен бордақылау алаңы «Нұрым групптың» қызметімен танысты. Ағымдағы жылдың 11 айлық көрсеткішінде елімізде 15 мың тонна ет экспортталған екен. Ал Сайрам ауданындағы «Нұрым групп» ЖШС-і де Қытай еліне ет жөнелтуді мықтап қолға алып отыр.
– Ауылшаруашылығы министрінің Шымкентке жасаған сапары әкімшілік-ғимаратында өткен басқосуға жалғасты. Онда Елбасының 5 қазанда Қазақстандықтарға арнаған кезекті жолдауын негізге ала отырып, жыл бойы атқарылған жұмыстармен таныстырды. Министрдің мәлімдеуінше, қазір Қытай нарығында көптеген ауыл шаруашылық өнімдері сұраныста. Ірі қара малды және ұсақ малды Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын жеткізуге қойылған шектеулер алынды. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешен өнімнің 9 айдағы экспорты 28 пайызға ұлғайды.
– Елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен VIII Азаматтық форумда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде жаңа шаңырақ көтерген жастардың арасында ажырасу деңгейінің жоғары екендігіне алаңдаушылық білдірді. «Алаңдатарлық мәселенің бірі — бұл ажырасу. 1 млн 500 мың неке қиылып, 25-30 пайызы ажырасқан. Неліктен ажырасып жатыр? Себебі біз балаларды мектепте жоғары сыныптан бастап, еркек пен әйелдің тілдесуі, есеюі тақырыбын оқытпаймыз. Қалай жүкті болады? Не пайда болады? Біз қазақтар оны ұят көреміз. Басқа елдерде 14-15 жастағы баласын, қыздарын өмірде мынадай болады, байқаңдар деп үйретеді. Біз ұят деп санаймызда, одан нағыз ұятқа қаламыз. Сондықтан психологияны өзгерту қажет», — деді Елбасы. Мемлекет басшысының атап өтуінше, ажырасудың себептері өте көп. Біреулері ата-аналармен сыйыспаса, енді біреулері баспана жоқтықтан, енді бірі ақшаның жетіспеушілігінен ажырасып жатады. «Ал ең бастысы жастар дайындықсыз отбасын құрады. Қыздар өз рөлін білмейді, жігіттер мұның үлкен жауапкершілік екенін сезінбейді. Егер сен отбасыңды қамтамасыз ете алмасаң, жұмыс істемесең, білім алмасаң, онда отбасын құра алмайсың. Мұны оларға біреу айта ма? Кім айтуы қажет? Мұны мектеп қабырғасынан бастаған жөн», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
– Қазақстандағы іргелі оқу орындарының бірі М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің құрылғанына 75 жыл. Мерейтой аясында қара шаңырақ оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазылған академик Сұлтан Сүлейменовтің ескерткіші ашылып, жаңа тұғырға қондырылды. Салтанатты шара төртінші өндірістік революция аясындағы «өндірістік технологиялар және инжиниринг» атты 5 халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
– Сайрам ауданың өнеркәсіп саласында ағымдағы жылдың 10 айында 33,6 млрд тенгенің өнімі өндірілсе, бұл көрсеткішке сәйкес аудан облыс көлемінде 2-ші орынға ие. Бұдан өзге биыл ауыл шаруашылығы саласы бойынша да жоғары нәтижеге жеткен Сайрам өңірі ет өндіру бойынша және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан аудан-қалалар арасында көш басынан көрінген. Бұл туралы аудан әкімі Бақтияр Мамаев 10 айдың қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арнап өткізген арнайы баспасөз жиынында мәлім етті.
– «Түркістан» әлеуметтік –кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы бүгінгі таңда құрылыс, әлеуметтік маңызы бар жобалар, және туризм сынды негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасауда. Бұл бағытта аталмыш ұйым «Түркістан инвест» «Цифрландыру орталығы» және «Тұрақтандыру қоры» сынды филиалдарымен бірлесе отырып ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Айталық «Түркістан инвест» компаниясы жалпы құны 507 млн тенгені құрайтын 19 жаңа жобаны тарту бойынша тиісті жұмыстарды бастаған. Мұндай мәліметтер «Түркістан» ӘКК төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров бастаған филиал басшылары қатысқан баспасөз жиынында айтылды.
— Қайта құрылымдаудан өткен Шымкент мұнай өңдеу зауытының ісі алға басқан. Аталмыш өндіріс орны жылына 6 миллион тонна мұнай өңдеуге қауқарлы. Республика бойынша ірі көлемде мұнай өңдейтін зауыт, еуро 4 стандартына сай дизель және бензинді ішкі нарыққа жөнелтуде.
– Сайрам ауданында соңғы жылдары мал шаруашылығы қанатын кеңге жайып келеді. Бұл бағыт бойынша аудан шаруалары мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып тиісті межелер жоғары денгейде орындалуда. Айталық биыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қорытынды «Агрофэст 2018» фестивалінде аудан ет өндіру бойынша және мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан облыс көлемінде бірінші орынға ие болды. Ал мұндай жоғары көрсеткіштерге әрбір ауыл округіндегі ірілі ұсақты шаруашылықтардың қосып отырған үлестері мол. Айталық Арыс ауылдық округінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша межелер жоғары денгейде орындалса, «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша да ілгерілеушілік бар. Тиімді кәсіпті қолға алып уақ және ірі қара мал бордақылау ісімен айналысып жатқан ұжымдар өңірімізбен қатар көршілес бірнеше облыстардың нарығына сапалы ет өнімдерін шығарып отыр. Ал бұл бағыта жұмыс жасап жатқан шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан субсидия төленуде.