Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен оңтүстікқазақстандықтар! Сіздерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын! 9 мамыр – әрбір төртінші азаматын соғысқа аттандырған қазақстандықтардың және жарқын болашаққа батыл қадам жасаған бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мерейлі мейрамы. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Сұрапыл соғыс кезіндегі аға буынның қайсарлығы мен төзімділігі бүгінгі ұрпақтың санасында нағыз отансүйгіштіктің үлгісіндей болып қала бермек. Сан қатпарлы тарих қойнауына еніп кеткен ақтаңдақ жылдардағы ел азаматтарының жан аямас жаужүректілігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектеріне біз әрдайым құрметпен бас иеміз. Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстаннан 140 мыңнан астам адам аттанып, олардың жартысына жуығы туған жерге оралмады. ІІ Дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігі үшін оңтүстікқазақстандық 51 азаматқа Кеңес Одағының батыры атағы берілсе, 8 жерлесіміз «Даңқ» орденінің иегері атанды. Жаужүрек қайсарлығы үшін мыңдаған ардагерлеріміз түрлі орден, медальдармен марапатталды.Бүгінде от пен оқтың арасынан елге аман-сау оралған майдангерлердің 325, тылда тынымсыз тірлік жасағандардың 21 мыңнан астамы арамызда бар. Мемлекеттік саясаттың арқасында ардагерлерді әлеуметтік тұрғыда қорғау, қолдау шаралары жүйелі іске асып келеді. Құрметті Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Сіздер, Отанға қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, соғыстан кейін де аянбай еңбек еттіңіздер.
Жеңіс күні – көңілдеріңізге нұрлы шуақ ұялатып, жарқын қуаныштар әкелсін. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Тәуелсіз Қазақстанның аспаны әрқашан ашық болсын!