Түркістан облысындағы ең ерекше орындардың бірі — Отырар қаласы және Отырар Оазисі. Отырардың пайда болуы біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларына жатады. Арыс және Сырдария өзендерінің тоғысқан жерінде өркендеген Отырар қаласында көптеген атақты ғалымдар, дана тұлғалар, атақты сазгерлер, палшылар және зергерлер өмір сүрген. Қалада үлкен медресе, базар, ұстахана, шарапхана, монша, мешіт, дүкендер болған.
Отырар ежелгі керуен жолдарының қиылысында орналасқандықтан ерекше назарға ие. Ол сол уақытта Орталық Азиядағы Жібек жолының ең бай және ең дамыған қалалардың бірі болды. Отырар осы аймаққа барған барлық араб және парсы саяхатшыларының жазбаларында кездеседі.
Отырар – Шығыстың ұлы философтарының бірі Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері. Тарихи танымдық мәліметтермен таныстырған Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов түркістандық делегаттарды алдымен дәл осы Отырар қалашығына алып барды.
Болашақта жүзеге асырылатын жобаларды жариялап, Отырар төбенің биігіне шығарды.
Түркістанда түмен баб,
Сайрамдағы сансыз баб,
Отырардағы отыз баб,
Ең үлкені — Арыстанбаб. Иә, Отырартөбедегі танымдық экскурциядан кейін Арыстанбаб кесенесіне барып, зиярат жасадық
Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәу ету орнына айналды.
Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи ғимараты – орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген бүкіл Шығысқа аты әйгілі көне түркі ақыны, софизмді уағыздаушы Ахмет Ясауидің (Яссы-дан шыққан деген мағынада) бейітінің басына орнатылған.
Түркістандық делегаттар Қазыбек бидің рухына Құран бағыштауда.
Қожа Ахмет Ясауидің бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Өкінішке орай туындының түпнұсқасы біздің заманымызға жетпеген. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалары өте көп. Олардың көбі Ыстамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шықты.
Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылды. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармада ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.