«СКАТ» әуе компаниясы мен Шымкент қаласының әкімі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұндағы мақсат «Шымкент қаласы әуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы» жобасын жүзеге асыру. Осы орайда бүгін қос тарап өзара келісімге келіп, мегаполистің жаңа келбетін көркейтуге кірісті.
Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қалалар қатарына қосылғалы отандық және шетелдік туристердің келуі жиіледі. Осы орайда, әуежай жолаушыларды өткізу қабілетін арттыру үшін терминал салу қажеттілігі туындауда. Сондықтан да «СКАТ» әуекомпаниясы жеке инвестор ретінде жаңа терминалды өз есебінен салуға қызығушылығын танытып отыр. Инвестиция көлемі 50 млн АҚШ долларын құрайды. Ал, қала әкімдігі тарапынан да бұл жоба барысында жол құрылысын және инженерлік желілерді қайта құру, әуежай алдындағы автотұрақты және вокзал алды алаңының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жиын барысында бұл туралы мегаполис әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз сөзінде тілге тиек етті.
«СКАТ» өз қаржысы есебінен көлемі 2,8 га жер теліміне жаңа терминал құрылысын жүргізеді, сондай-ақ 7 га жерге әуе кемелеріне арналған перронды кеңейту жұмыстарын қолға алмақ.
Сондай-ақ, жиын соңында қала әкімі бұл жобаны жеделдетіп бастауға бел шешті. Себебі, 2020 жылы өздеріңізге белгілі, Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. Осы орайда, қаламызға келуші туристердің де қатары көбейеді деген сөз. Сондықтан да шаһарымыздың әуежайы барлық заманауи талаптарға сай және тұтынушы азаматтарға ыңғайлы болуы қажет. Бұл тұрғыда қос тарап бекіткен меморандумның маңызы зор болмақ.