«Білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу». Нақ осы тақырып аясында Төлеби аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен келелі жиын өтті. Мұндағы мақсат сыбайлас жемқорлық жайттарының алдын-алумен қатар профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Осы орайда басқосуға аудан көлеміндегі білім мекемелерінің басшылары, аудан әкімі, мәслихат хатшысы және прокуратура өкілдері қатысты. Ал жиында баяндама жасаған Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстардың барысына тоқталды.
Оның айтуынша мектепке жұмысқа тұру кезіндегі тамыр-таныстық пен жемқорлықты болдырмау мақсатында биыл ауданда онлайн жүйесі арқылы конкурс негізінде жұмысқа қабылдау жүйесі іске қосылған. Осының нәтижесінде аудан көлеміндегі 70-ке жуық мектептен бүгінгі таңда 140-қа жуық бос орындар конкурсқа ұсынылып отыр екен. Сондай-ақ мектеп директорларын тағайындауда да бірқатар өзгерістер қолға алынған.
Жиын барысында бұған дейін білім саласы қызметкерлері тарапынан орын алған сыбайлас жемқорлық әрекеттер туралы бейнероликтер көрсетіліп, сыбайластықтың алдын-алу және түсіндіру бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретіндігі айтылды. Сондай ақ Төлеби аудандық прокуратурасының қызметкерлері алдағы жаңа оқу жылынан бастап білім мекемелеріне арнайы барып түсіндіру профилактикалық жұмыстарын жүргізетін болады.
Абай Омар