Ақтөбеде психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған қыз-келіншектер ғана жұмыс істейтін «Жан шуақ» тігін цехы ашылды. Жүйке жүйесі бұзылған 40 адам жұмысқа тартылады, деп хабалайды Baq.kz.
Ақтөбедегі әлеуметтік жобаны «Жан шуақ» менталды ауытқуы бар мүгедектердің қоғамдық бірлестігі ашқан. Қазіргі заманға сай арнайы 40 тігін машинасы бар. Әзірге мұнда психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған, жұмыс істеуге рұқсат етілетін ІІ топтағы 15 қыз-келіншек еңбек етеді. Қазір олар тігіншілікке үйреніп жатыр.
«Мұндай тігін цехын ашып, бізге жұмыс жасауға мүмкіндік берген жандарға алғыс айтамын. Тігінмен бұрын айналыспадым. Жақында бастадым. Жұмысты үйретіп жатыр», — деді тігінші Бота Елеуова.
Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан жандар үшін ашылған тігін цехы өңірде әзірге жалғыз. «Жаншуақ» қоғамдық бірлестігі алда тағы 25 адамды жұмысқа қабылдауға дайын. Тігіншілердің жалақысы айына 40 мың теңге. Озат жұмысшыларға сыйақы да беріледі. Тігіншілер күніне төрт сағат еңбек етеді.
«Біздің тігін цехымызда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа алынған. Менталды ақауы бар адамдарды өмірге бейімдеу – басты мақсат. Қаламыздағы мүгедек қыз-келіншектер тыста қалмасын, жұмыс істеп, табыс тапсын деген ниетпен аштық. Жалпы саны 40-қа жуық адамды қызметке алуға дайынбыз. Қазір 15 адамды жұмысқа алынды. Денсаулығына байланысты тігіншілерге нақты көлем жоспары берілмеді. Кім қанша тіге алады, сонша тігеді. Алда толық құрам жиналған кезде тігіншілерімізді үйінен жұмысқа таситын көлік те алуымыз мүмкін», — деді «Жан шуақ» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Расул Дөнесбаев.
Өндіріске қажетті шикізат елімізбен қатар Өзбекстан мен Ресейден жеткізіледі. Негізінен төсек жабдықтары, арнайы киім тігіледі. Мекеме басшылығы «Маңғыстаумұнай», «Ембімұнай» секілді ірі компаниялармен шарт жасасқан. «Қазақойл» компаниясына тауардың партиясы жөнелтілді.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бірден бір көрінісі. Себебі, мұнда жұмыс жасайтындар ерекше жандар. Еліміздегі мұнай компанияларында тауарларға сұраныс бар. Келісім жасалды. Экономикамыздың дамуына, кейін мүмкіндігі шектеулі жандардың сауығуына мүмкіндік береді. Біз ұзақ мерзімді келісімдер жасасуға көмектесуге дайынбыз. Егер тапсырыс көбейіп, өнім саны артқан кезде тауарларды біз үлкен нарыққа ұсынамыз», — деді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының сарапшысы Гүлмира Қазмұхамбетова.