«Атакент» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Төлеби ауданының «Құрметті азаматы» Қалық Абдоллаұлының есіміне телінген дәрежелері тағы бір мәртебелі атақпен толықты. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне сәйкес ,2017 жылдың 25-ші қаңтарында Қалық Абдуллаевқа «Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілген болатын. «Сабақты ине сәтімен» деген емес пе?! Үстіміздегі жылдың 25 мамыр күні асқақ Алматы төрінде Қоғам қайраткері, белгілі меценаттың кеудесіне лайықты көк лентаны тағып,барша оңтүстікқазақстандықтардың ыстық сәлемін жеткізу облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбішке бұйырды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиевтің аманатын арқалай келген Дулат Назарбекұлы марапат иесінің шаңырағына арнайы барып құттықтап, иығына зерлі шапан жапты.
Саналы ғұмырын жарқын істермен жалғап, халқының қалаулысы бола білген тұлғаның табанды еңбегі-тарих толқынында тереңінен өз орнын алған. Төлебидің төрінде туып, Алатаудың арысы бола білген қоғам қайраткерінің ел үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз. Қалық Абдуллаев 1986-1992 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Республика мемлекеттік Жоспарлау комитетінің төрғасы және Премьер –министрдің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Осы жылдар аралағында Қазақстанға шетелдерден алғаш инвестициялар тарту-тәжірибелерінің негізін қалады.
1995 жылы Қалық Абдуллаевтың іскерлік мол тәжірибесі ескеріліп, Республика Президентінің арнайы Жарлығымен құрылған ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі Мемлекеттік комитеттің төрағасы болып тағайындалды. Қаржы саласындағы ең қиын кезең 1995-1999 жылдары орын алды. Осындай қиын жағдайда, 1997 жылы облысқа Қалық Абдуллаев әкім болып келеді. Халықтың сол тұстағы басына түскен тауқіметі оның да қабырғасына қатты батты. Абдуллаев өңірдегі барлық ұйымдардың басшыларына сөз арнап, тығырықтан шығу жөнінде ұсынысын жеткізіп жатты. Шама-шарқынша экономикалық дағдарыстың түйінін тарқатты. Ал, 2000 жылдан бері өзі құрған «Атакент» Акционерлік қоғамы Директорлар кеңесін басқарып келеді.
Бүгінгі күнге дейін еңбектен қол үзбеген ел ағасы. Кісілік келбеті мен азаматтық тұлғасынан айнымаған Абдуллаев! Қазақы қаймағы бұзылмаған түстік өңірдің басшысы Жансейіт Түймебаев пен оның құшағы ыстық халқына алғысын айтты. «Мен әрқашан Оңтүстіктің патриотымын, мен елімнің патриотымын» деп қоштасты Қалық аға!