Сыйлықты ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры тарту етті.
Таразда Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығында заманауи IT-кабинет ашылады, деп хабарлайды bnews.kz.
ҚР Тұңғыш Президенті Қоры Қазақстанның барлық өңірлерінде жастармен белсенді жұмыс атқарады. 2017 жылдан бастап Қордың өкілдері еліміздің барлық өңірлеріне барып, студенттерді Қордың қызметімен, жастарға арналған жобаларымен таныстыруда.
«ҚР Тұңғыш Президенті Қорының жоспарында жастарды қолдауға, қазақстандық креативті және бәсекеге қабілетті ғылыми қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған көптеген жобалар бар, оның негізін болашақта студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектері құрайды. Бұл жобалар Президенттің Жолдауында қойылған міндеттерге сәйкес әзірленіп іске асырылады», — деді ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.
ТарМУ-дың 30-ға жуық студенті Қордың әртүрлі жылдардағы стипендиаттары болған. Биыл ҚР Тұңғыш Президенті Қорының осымен оныншы рет өткізіліп отырған жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Болашақ ғалымдар» атты студенттердің үздік ғылыми жұмыстарының байқауының жеңімпаздары болып ТарМУ-дың екі студенттік командасы атанды. ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Ғылым бойынша Кеңестің мүшелерінен тұратын конкурстық комиссияның шешімімен ТарМу студенттері Дямуршаев Ислам, Самойленко Никита, Тұман Бағжан (Мұнай, газ және механика факультеті) «Тараз қаласының қиылысындағы экологиялық проблемаларды шешу» тақырыбындағы еңбектері, сондай-ақ Майрова Жанерке, Аниярбекова Қымбаттың (Технологиялық факультет) «Емдік қасиеттері бар трикотаж құрылымын жасау және зерттеу» тақырыбындағы еңбектері үздік деп танылды.
ТарМУ-дағы кездесу барысында смартфондар мен планшеттерге арналған латын қарпі бар «Qazaq Latyn Keyboard» қазақ пернетақтасы жобасының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының қолдауымен әзірленген қазақ тілін оқытатын «Soyle.kz» онлайн-курсы, «Кім білгір» мобильді интеллектуалдық ойыны, «Abaialemi.kz» онлайын энциклопедиясы, «Qazaqstan3D» веб-сайты және мобильді қосымшасы, «Жеті қазына», «Мой Казахстан», «Ұлы тұлғалар», «Праздники Казахстана» мобильді қосымшалары туралы мағлұмат берілді.
Тараздық студенттер Қор өкілдері мен әріптестерінің шеберлік сабақтарына қатысты. ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының баспасөз қызметінің басшысы Ақерке Берлібай «Әлеуметтік медиа: SMM-нің үздік тәжірибесі және цифрланған әлемдегі PR» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.
ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры еліміздің дарынды студенттеріне үздік мамандар индустриясының кәсіби ІТ — оқыту курсынан тегін білім алуға және өз стартаптарын дүниежүзілік рыногқа шығаруға мүмкіндік беретін «Smart Zholy» және «Method PRO» сияқты жобаларды іске асыруда.
Биылғы жылы Қор «Блокчейн» цифрлық марафоны жобасын әзірледі. Қор блокчейн, криптовалюта, майнинг, ICO және басқа да замануи IT-трендтер бойынша түсініктеме жұмысын жүргізу үшін қоғамдық алаңды құруды жоспарлап отыр. Жобаның мақсаты — қоғамның білімін арттыру, әсіресе жастарды заманауи IT-технологияларға баулу. Осыған байланысты отандық «FinTech Group» компаниясының өкілдері студенттерге «блокчейн» технологиялары туралы семинар өткізді.