Қазақ жерінің қай аймағын алып қарасаң да ұшқан құс қанаты талатын, жүгірген аң жете алмайтын кең аймақ. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан осынау атамекеніміздің даласы мен таулары тұнып тұрған тарих, шежіре, ән мен жыр екені әлемге аян. Асқақтап аспанды тіреген Алатау – Қазақстанның айбыны мен айбары, Ұлытау ұлылығын, Сұлу Көкше күмбірлеген күй көңілі, ал Қаратау қазыналы аймақ.
Бүгінде туризмі тәй-тәй басып, дамылдап келе жатқан Боралдай аймағы – Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қарауына 2012 жылы өтті. Яғни, осы жылы өңірлік аймақ құрылып, табиғаты ерекше қорғауға алынды. Қаратау тауының кішігірім сілемдері саналатын Боралдайға жету үшін жол айрық көптеген ауылдарды артқа тастайсыз. Соның бірі Жыланды, Боралдай ауылдары болса, әрмен қарай, Жарықбас, Бәйдібек ата ауылдары шығады алдыңнан. Тіпті, 10 шақты отбасы түтінін түтетіп отырған Шұқыршақ ауылы да жолда қалады. Бұл ауылдың атап айтар мақтанышы да бар. Бірақ, табиғаттың тамашасына сәл кейінірек тоқталайық. Жарықбас ауылында Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалының кеңсесі орналасқан. Штатта – 41 қызметкер бар. Барлығы да сұлу табиғаттың қорғаушысы болған мемлекеттік инспекторлар.
Әуелі, Жарықбас ауылынан ұзамас бұрын өңірлік табиғи саябақтың тұқымбағына аз кем тоқтала кетсек. 15 гектар аумақты алып жатқан жазықты жерге қызметкерлер көмегімен түрлі жеміс ағаштарын отырғызу қолға алыныпты. Басым бөлігі Сары өрік, Бадамша, Үйеңкі, Қарағаш. Өніп, өнімін беріп жатса, ауыл-аймақтың жасыл желегіне айналары сөзсіз.
Сонымен Ақтас ауылын да кейінге тастай отырып, Жамбыл облысына сәл ғана жетпей Қошқарата елдімекеніне де келіп жеттік.
Тарихыңа үңіл бала, үңіл қыз,
Ертеңіміз — сендерсіңдер, бүгін біз.
Көтеріңдер ауыр жүгін ертеңнің,
Көтерейік бүгінгінің жүгін біз.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Боралдай филиалы – 36 255 гектарды қамтиды. 15 айналымнан тұратын филиалдың әрбірін жауапты мемлекеттік инспекторлар қарайды. Боралдайдың жағасына жету үшін топырақ жолды 5 шақырымды артқа тастадық. Қажетке жарап отырған бұл жолды кезінде ауыл тұрғыны, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Қуатбек қария өз күшімен салдырған. Бұл аймақты туристік ортаға айналдыруды арман еткен екен. Жол топырақты болса да, бүгінгінің қажетіне жарап тұр. Еңкіс қырды еңсергеннен соң, жасыл алқапқа еріксіз енесің. Қоршаған ортаның көрінісі, өзіне одан әрі еліте түседі. Алыстан, менмұндалап көзге алдымен тау жырасы көрінсе, жартастағы үлкен үңгір де бір тарихтан сыр шертеді. Жергілікті жұрттың айтуынша, үңгірдің нақты ұзындығы әлі күнге дәлелденбеген. Бірақ, алдына барсаң, ерекше самал еседі. Тіпті, жинақталған су сыңғырының даусы да естіледі дейді. Ал, бұл үңгірге қарама қарса, «Шымшыққонған» атауындағы тағы бір үңгір жапсарлас жатса, «1000 қой сыйған» аңызындағы және бір үңгір бұл аймақтың мақтанышы. Жол жөнекей таудың өзіне жасырған тамашасы 12 айналымның қарауында. Боралдай филиалының аң қорғау инженері Дүйсенбек Қыдыралиевтің айтуынша, мораторий жарияланғалы аймақта тыныштық орнаған. Алайда, жаздың аптап ыстығында дала өртінен аман болу – мемлекеттік инспектордың жұмыс абыройы. Айналымның жауаптысы Әуесхан Дәулетбақов күнделікті ат үстінен түспейді. Өйткені, қоршауға берілген аймақты күндіз түні күзетеді.
Иә, алақандағы бар қадірді бүгінімізден бағалап, шетел асып шалқайғанша, отандық туризмді дамытуға кәсіпкерлеріміз өз үлесін қосып жатса марқайғанымыз емес пе? Өңірлік табиғи парктің қарауындағы бұл аймақтарға үлкенді кішілі демалыс орындары салынса, ішкі нарықтағы туризмнің қадамын қарыштатуда үлкен сеп болар еді.
Қаратау арқарының мекен ететін аймағы да дәл осында. Тек 150 шақырымды алыссынбасаңыз Боралдайдың жағасына келіп, демалуыңызға болады. Боралдай – Қаратау жотасының оңтүстік-шығысындағы тау сілемі. Ең биік жері Бекейтау деп аталады. Биіктігі 1813 м. Солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай 70 км-ге созылып жатыр. Ені батысында 25-31 км, оңтүстік шығысында 5-7 км. Боралдайдың баурайынан Боралдаймен қатар Қиыршықты, Құлан, Жыланды өзендері бастау алады. Тау карбонның әктасты, гранитоидті және интрузивті жыныстарынан түзілген. Етегі сұр және қоңыр топырақты, эфемерлі-бұталы биік шөптер басым.
Бұл мекеннің біз білмейтін құпиялы шежірелері көп. Боралдай атауының да бірнеше нұсқалары бар. Тіпті, қалмақтың бір батырының есімімен байланысты деп те айтылады.
Қоршаған ортаның тамашасына қарап, үш сағат уақыттың тез зымырап өте шыққаны байқалмады да… Доланасы көп бұл таудың ішіне бүккен сыры, сыртқы келбеті жетімсіреп тұрғандай көрінді. Іздеушісі жоқ мекеннің ұрпағына берер пайдасы мол.
Ақтас ауылының жоғары беткейінде өрт сөндіру бекеті бар. Бұл Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің тікелей қарауында. Тілсіз жаудың алдын алу үшін беткейде орналасқан бекетте барлық керек жарақпен қамтамасыз етілген. Қызметкерлер де өз жұмысына сақадай сай тұрады. Бұл маңда ерекше атап айтар тағы бір орын бар. Ол Қошқарата каньоны. Бастауын Ақтас елдімекенінің аяқталар тұсынан алатын каньон Шұқыршақ ауылына дейін жалғасып жатыр.
Түркістан Сырдария мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Боралдай филиалының функционалды аймақтан тұратындығын ескерсек, өздігінше туристік базаны қолға алып, парк қызметкерлерінің жұмыс жасап жатқандығы көңіл қуантты. «Теректі» айналымында шама шарқынша вагон қойып, экологиялық монша жасақтапты. Табиғат аясындағы тапшандар да тынығуға бір мүмкіндік. Алдағы уақытта этнографиялық ауыл жасақтау жоспарда бар. Флорасы мен фаунасы өте бай Боралдай аумағында 83 тұқымдасқа енетін 600-ге жуық жоғарғы түтікті өсімдіктер түрлері кездеседі екен. Оның 40 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Ойсыз жатып жетер енді ойнауың,
Тарихыңның қопар енді қойнауын.
Туған жердің топырағы астында,
Тарих жатыр… керек соны ойлауың!
Жастықта ұрынады жігіт дауға,
Сол даудан аман қалса, басың сауға,
Қаратау панаң жылы мекен едің,
Аз күнге іздеп келдім қонақтауға!
Қаратау аз демалдым аунап-қунап,
Дертіме шипа болдың жүргенде улап — деп әніне қосқан Балуан Шолақтың жанына шипа болған мекен бұл.
Кезінде жыр алыбы Жамбыл атамызбен қатарлас жыр бесігін шайқаған халық ақыны Орынбай Тайманов:
…Дархан Сыр мен Қаратау арасында,
Қоян жылы. Көкектің жаңасында.
Таудан құлап ағатын кең аңғарлы
Туыппын Боралдайдың жағасында.
Боралдай арнасы алып, үлкен өзен,
Жанасып және ағады екі Бөген,
Сырға барып құяды мөлдір суы,
Шаян мен Сасық жатыр одан төмен,
Бұл өңірде көп келген өмірге өлең, – деп жырлай келе туған жер табиғатының көрінісін көз алдыңа қаз қалпында әкеледі.
Салтанат ТОЙБОЛОВА