2018 жылы 26 ақпанда Қоғамдық Кеңесінің кезекті отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы мәселелер қаралды. Кеңесте облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қ.С.Төлендиев баяндама жасап, қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірлері тыңдалды. Талқыланған мәселелер бойынша қоғамдық кеңес мүшелері өз тараптарынан қолдау көрсетті.
Күн тәртібіндегі мәселеге сай, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары әкімдеріне ауылдық округ әкімдерінің бастамасымен Мақтаарал ауданын үш ауданға (Мақтаарал, Асықата, Жетісай), Сарыағаш ауданын екі ауданға (Сарыағаш, Келес) бөлу, яғни, осы мәселеген қатысты бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру мәселесі жөнінде ұсыныстар енгізіліп, осының негізінде 2018 жылдың 16 ақпанында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімдері, 20 ақпанда облыстық әкімдік сондай-ақ, облыстық мәслихатының бірлескен шешімдері қабылданды.
Жалпы баяндамаға сай, аталған аудандар облыстағы халқы тығыз шоғырланған және демографиялық өсімі жағынан жоғары аудандарға жатады. Жалпы халық саны: Мақтаарал ауданында – 304684. Сарыағаш ауданында – 326 915 адамды құрайды. Халықтың тығыз орналасу себебінен кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын өз деңгейінде дамыту үшін, мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды халыққа жеткізу, оларды денсаулық сақтау, білім және басқа да салалармен қамту деңгейлерін жоғарылату мәселелері бар.