Шымкент қалалық білім бөлімі мектептеп оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетушілерді анықтап жатыр. Яғни бүгін әлеуетті өнім берушілерден тиісті құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталып, өтінім берушілерден түскен құжаттарды қарау жұмыстары басталды. Ол үшін арнайы конкурстық комиссия құрылған. Оның құрамында білім бөлімінің өкілдері, «Нұр Отан» партиясы мен қаладағы 4 ауданның тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары да бар. Ал конкурстық коммисияға Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиев төрағалық етуде. Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні таңдау бойынша конкурстық құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталды. Осы ретте арнайы құрылған комиисия білім бөліміне қарасты мектеп директорларының басын қосып өтінім берушілерден түскен конкурстық құжаттарды қарау жұмыстарын бастады. Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша биыл 118 білім мекемесінен жалпы саны 8 мың 235 оқушы тегін тамақпен қамтылады деп күтілуде. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 264 млн. 576 мың тенгеден астам қаржы қаралған. Ал есепті мерзім ішінде оқушыларды тамақтандыру жұмыстарын жүзеге асыруға ниет білдірген 140 кәсіпкерден жалпы саны 412 құжаттар папкісі келіп түскен. Конкурстың мақсаты жас ерекшеліктері бойынша тағам заттары мен қуатына физиологиялық қажеттіліктеріне сәйкес оқушыларды тиімді тамақтандыруды көздейді. Сондықтан да комиссия мүшелері биыл өтінім берушілерге тиісті талап та күшейтіліп отырғандығын айтады.
Мектеп оқушыларын тамақтандыруды жүзеге асырушыларға қойылатын талаптардың тағы бірі пайдаланылатын азық-түліктер тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамамен және техникалық регламентпен белгіленген нормаларға сәйкес келуі тиіс. Оған қоса жеткізілген азық-түліктердің сапасына, оны сақтау және тарату қағидаларының сақталуына бақылауды қамтамасыз етеді. Осы орайда әрбір мектеп бойынша келіп түскен өтінім иелерінің құжаттарын да конкурстық комиссия білім мекемелері басшыларының қатысуымен жан жақты қарап шықты. Бұл бойынша да жауапты міндетті жүзеге асыруға ниет білдірушілерге қойылатын міндеттер аз емес. Яғни олардың конкурсқа қатысу туралы өтінімнен бастап қызмет көрсетуге қажетті автокөлігі, аспаздары салық органдарында қарызының жоқтығы, жұмыс тәжірибиесі туралы анықтамаларының болуы да шарт. Міне осындай талаптарға сай келетін құжаттарды ғана комиссия алдағы үш күн ішінде конкурсқа жіберуге шешім қабылдайды.
Абай ОМАР