Қаламыздағы Қаратау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы тұрғындарға түнгі 24.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Өңірімізде бұл өткен жылдың маусымынан бастап пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Мұнда мекеме қызметкерлері екі ауысымда жұмыс жасайды. Жалпы 700-ге жуық қызмет көрсететін орталықта түнгі уақыт аралығында 7 қызметкер өз міндетін атқарады. Тіпті, түскі үзіліссіз.
Бұл біріншіден жұмыс басты азаматтар үшін өте ыңғайлы болмақ. Осылай деген ОҚО бойынша ХҚКО департамент директорының орынбасары Жандос Болат “Түнгі ЦОН” атты пилоттық жобаның қазіргі таңда оң нәтижсін беріп отырғандығын айтады. Яғни, өткен жылдың маусым айынан бастап түнгі уақытта жалпы саны 5 мыңға жуық қызмет көрсетілген. Ал, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап 600 құжат қабылданыпты.
Айта кетерлігі, Қаратау аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы осы уақытқа дейін «Рахима плаза» сауда кешенінде орналасқан болатын. Мекеме қызметкерлері келесі жұмадан бастап жаңа ғимаратқа ауысуды жоспарлап отыр. Қала тұрғындары енді құжаттарын Мәделі Қожа көшесі, №1/16 мекен-жайында рәсімдейтін болады.