Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынас жаңа сатыға көтерілмек.
Екі елдің транзиттік әлеуеті экономикалық байланыстарды нығайтуға толықтай мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев ирандық тауар өндірушілердің көрмесінде мәлімдеді. Кәсіби көрмеге Иран Ислам Республикасының алты аймағынан келген 32 кәсіпорын қатысып жатыр. Олар төрт күн бойы мұнай-газ, мұнай химиясы, машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылысқа қажетті өнімдерін көпшіліктің назарына ұсынады. Маңызды шара аясында өтетін бизнес форумда Иран мен Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері талқыланып, екі елдің кәсіпкерлер палатасы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қоймақ.
Алик Айдарбаев, облыс әкімі:
— Иран еліне қатысты салынған санкцияларға қарамастан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің арасындағы қарым-қатынасты үзбеуге күш салған болатын. Енді санкциялар алынып, өзара сауда-саттыққа үлкен жол ашылды. Мәселен, Ақтау мен Амирабад порттары арқылы жүк тасымалы жақсы жолға қойылған. Иранға апаратын теміржолымыз бар. Яғни, біздің инфрақұрылым көрші елдермен қызу сауда-саттық орнатуға толықтай мүмкіндік береді.
Рабие Фаллах, Мазандаран провинциясының губернаторы:
— Бізде жоқ тауар сізде бар немесе біздің өнімдеріміз сіздерге қажет. Мәселен, Маңғыстауға ирандық ауылшаруашылығы өнімдері қажет болса, біздің елде қазақтың астығы мен металл өнімдеріне сұраныс аса жоғары. Екі ел арасында рухани байланыстарды да нығайтуға мүдделіміз, бұл мәдениет, туризм салаларын қамтиды. Байқағаным, бір-бірімізден үйренеріміз көп екен.