Ел депутаттары жазғы демалысқа шықты. Енді мәжілісмендер мен сенаторлар күзге дейін ауыл-аймақтарды аралап, сайлаушыларымен кездеседі. Бүгін қос палата Парламентте бірлескен отырыс өткізіп, төртінші сессияның жұмысын қорытындылады. Бүгін Парламент қабырғасында құдды бір мереке секілді. Кезекті демалысына тас-түйін жиналған депутаттардың көңілі көтеріңкі. Мұны журналистер мәжілісмен Мейрам Бегентаевтан бірден аңғарды. Алғысын жазып, түсірген суреттерін инстаграмм парақшасына жіберді депутат. Тілшілер қауымымен күзге дейін қоштасты. Ал қос палатаның бірлескен отырысын ашқан да, жапқан да, қорытынды жиында жалғыз сөз сөйлеген де – Қабиболла Жақыпов. Бұл жолы сын-ескертпелер айтқан жоқ. Есесіне, депутаттарды мақтап қойды. Төртінші сессияда 90 заң жобасы Елбасының қол қоюына жіберілді. Сенат 116 құжат қарап, оның 113-ін қабылдады. Ал Мәжілістің қарауына бас-аяғы 184 заң енгізілді. Үкіметтен – 138, депутаттардан – 6 және алдыңғы сессиялардан – 40. Қысқаша қайырсақ, қос палата осы жылы үлкен белсенділік танытты. Серік Ақылбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: — Қылмыстық-процессуалдық, азаматтық-процесуалдық кодекс, әкімшілік кодекске өзгертулерді бір кезеңде өткізу керек деп күзге қалдырдық. Яғни заң қарау процесі биыл күрделі болды. Өткен сессия немен есте қалды? Парламенттің сүзгісінен өтіп, былтырдың соңында «Жол қозғалысы туралы» Заң қабылданды. Бұл құжаттың қоғамда наразылық тудырғаны есімізде. Ал жыл басында халық қалаулары ел бюджетін оңтайландырды. Балаларды зиянды ақпараттан қорғағаны тағы бар. Депутат Перуашев пен министр Сәрінжіповтің арасындағы кикілжің де әлі есте. Тіпті олар әлі күнге дейін тіл табыса алмай келе жатқан секілді. Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: — Сәрінжіповпен текетірес мәселесі өз жолымен шешілсін. Әлі шешілген жоқ. Бұл текетірестің соңы немен аяқталатыны әзірге белгісіз. Бір білетініміз, депутаттар жазғы демалысқа кетуге бұрыннан қамданып жүр. Алдын ала жоспар құрып қойғанға ұқсайды. Бірі ауылға барады. Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: — Ауылға барып демаламын. Өзіміздің Шымкентке, Қазығұртқа барып демаламын. Екіншілері шетел асады, ал басқалары демалмайды. Жұмыс істейді. Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: — Демалыс туралы әлі ойланған жоқпын. Әлі жұмыстарымыз көп. Биыл Парламент депутаттарының жазғы демалысы екі айдан бір айға дейін қысқарды. Оның өзі 60 күнін ауыл-аймақты аралап, қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігімен танысумен өткізеді. Тұрғындардың мұң-мұқтажын елеп ескерген олар қыркүйек айында жаңа заңдар әзірлеуге қайта кіріседі. Авторлары: Ж.Біркенов, Ж.Битібаров
ЭЛЕКТР ҚУАТЫ — МЕДИЦИНАҒА ӨТЕ ҚАЖЕТ
Табиғи қуат көзі медицинаға ауадай қажет. Олай деуіміздің өзіндік мәні бар. Ақ халатты абзал жандандар, дертіне шипа іздеп...